Іздестіру формасы

Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы таныстырылды

Дата размещения: 19.03.2019 - 10:41
Дата последнего обновления: 19.03.2019 - 12:09
Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы таныстырылды

2019 жылғы 18 наурызда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Елбасының тапсырмасын орындау аясында әзірленген Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасының жобасы таныстырылды. Оның негізгі мақсаты жастардың әлеуетін дамыту және жүзеге асыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

Аталған құжатты көпшілікке Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов таныстырды. Құжатта жастарды қолжетімді баспанамен қамтасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, ағымдағы жылы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін кем дегенде бір мың жалдамалы пәтер құрылысын бастау жоспарлануда.

Жол картасының басым бағыттарының бірі – үш жыл бойы NEET санатындағы (жұмыс істемейтін, оқымайтын және жұмыс табуға ұмтылысы жоқ)  миллионға жуық жастарға қолдау көрсететін ««Zhastar El Tiregi»  жобасы. Аталған жоба жұмысқа орналасу, білім сапасын арттыру, сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігі мен бастамаларды қолдауды дамыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Аталған жобаны жүзеге асыру негізгі екі бағыт – «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» бағыттары бойынша  іске асады.

«Жас кәсіпкер» жобасы жастар кәсіпкерлігін дамытудың кешенді шараларын, стартап жобаларын іске асыруды қамтиды.

«Ең алдымен бұл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негізіне бағытталған, ол бүкіл Қазақстан бойынша үш жылда кем дегенде 60 мың жасты қамтиды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында жастардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар қарастырылған»- деп хабарлады Асхат Оралов.

«Жас Маман» жобасы 200-ден астам модернизациядан өткен білім беру мекемелерінің базасында 100-ден астам танымал өндірістік және сервистік мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде 200 мың жас азаматты оқыту жоспарлануда. Бұдан басқа, онлайн-оқыту жүйесі ұсынылады, оған 150 мың жас үшін ең қажетті кәсіби біліктіліктерді  дамыту бойынша онлайн курстар кіреді.

Тағы бір маңызды жаңашылдық – жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулеріне гранттық қаржыландыру көлемін 3 млрд. теңгеге ұлғайту көзделген.

Ерікті қызметтегі 50 мыңға жуық жас азаматтардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында шәкіртақы көлемі 30% -ға артады.

Жол картасы аясында «Дипломмен – ауылға» жобасы қайта қарастырылды.  Жоспарланған өзгерістерге сәйкес ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тартылған мамандықтар тізімі кеңейтіліп, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 70-тен 100 АЕК-ке дейін біржолғы жәрдемақы мөлшерін ұлғайту ұсынылды. Күтілгендей, бұл шараларға 15 мың жастар қатысады.

Спикер өз сөзінде атап өткендей, «Жастар жылы» мен оның Жол картасының мақсаты  – кейбір адамдар ойлағандай, имидждік іс-шараларды, флешмобтар мен акцияларды өткізу болып табылмайды. Әзірленген жол картасы жастарға бағытталған түрлі тиімді көрсеткішкіштерді  мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы енгізуге  мүмкіндік береді.