Іздестіру формасы

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезі өз жұмысын аяқтады

Дата размещения: 12.10.2018 - 17:07
Дата последнего обновления: 12.10.2018 - 17:07
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезі өз жұмысын аяқтады. Діни форумның жұмысы Бейбітшілік және келісім сарайында басталды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шараны ашты. Елбасы өз сөзінде Қазақстан мен Астананың жаһандық деңгейде бітімгерлік, әріптестік, толеранттылық пен жасампаздық идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтті. - Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің өзекті мәселесі осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сенімнің жаһандық дағдарысын еңсеру үшін күш біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, съезге қатысушылардың бірлескен жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталды. Елбасы әлемдік діндер көшбасшыларын ақпараттық қоғам дәуірінде бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін жаңа технологиялардың барлық артықшылығын пайдалануға шақырды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі

Бұл үшін Президент Съезд базасында ақпараттық портал құруды ұсынды. Елбасы сондай-ақ дін басыларына әлемдік қауымдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру туралы ұсыныс айтты. Пленарлық отырыс барысында Президент Н.Назарбаев дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық бірінші сыйлығын Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесіне табыстады. Бірқатар діни көшбасшылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің Құрмет медалімен марапатталды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі

Съездің құрметті қонағы – Сербия Президенті Александр Вучич форумға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Сондай-ақ, пленарлық отырыста Әл-Азхар Жоғарғы имамы Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб, Иерусалим патриархы Феофил III, Мәскеу патриархаты сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Волоколамск митрополиті Иларион, Папа кеңесінің заңнамалық мәтіндерді түсіндіру жөніндегі төрағасы кардинал Франциско Коккопальмерио, БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғарғы өкілі Насир Абд аль-Азиз Ан-Насер, Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы аятолла Мохсен Мохаммади Араки, Израильдің сефард және ашкеназий раввиндері Ицхак Иосиф пен Давид Лау, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының вице-президенті лама Чойжилжавын Дамбажав, Қытай даосистері қауымдастығының төрағасы Ли Гуанфу, ЕҚЫҰ бас хатшысы Томас Гремингер, «Діндер бейбітшілікті жақтайды» Халықаралық ұйымның бас хатшысы Уильям Вендли мен Съездің мәртебелі меймандары сөз сөйледі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі

11 қазан күні Съезге қатысушыларының жұмыс күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайының жанындағы «Бейбітшілік қабырғасы» маңында ортақ дұға жасау рәсімімен басталды. Әртүрлі дін өкілдері жер бетіндегі бейбітшілік пен амандық үшін дұға жасады. «Бейбітшілік қабырғасы» монументі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI век» манифестінің идеяларын бейнелейді. Президенттің осы тарихи құжатының идеялық мазмұны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің алғашқы секциялық отырысының негізгі тақырыбы болды. Қалған секциялық отырыстар «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін мен жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар» және «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді жеңу жолында» тақырыптарына арналды. Форумға қатысушылар талқылаулар барысында халықтар мен өркениеттерді жақындастыру, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін бірлесіп шешуге бар күш-жігерін арнайды. Съездің жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Қ.Тоқаев форум жұмысына белсенді атсалысқандары үшін делегация басшылары мен қонақтарға, халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс білдірді. Сенат Төрағасының пікірінше, форум аясында айтылған идеялар мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Форум діни көшбасшылар арасында әлемнің жаңа бейнесі бойынша ортақ пайымдаулар бар екенін көрсетті. «Бүкіл әлемде әралуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адамдар бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды», - деді Қ.Тоқаев. Қ.Тоқаев дінаралық форум қатысушылары өз елдерінің үкіметтері мен халықтары арасында VI Съезд қорытындысын насихаттайды деп сенім білдірді. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда форум қатысушылары ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тартуға әзір екендіктерін жеткізді. Форум қатысушылары экстремистер мен террористер тарапынан қысым мен күш көрсетуге тап болған барлық діни топтар мен этнос бірлестіктеріне ниеттес екендіктерін, сондай-ақ, босқындар мен олардың құқықтары мен абыройын қорғауға бағытталған күш-жігерді қолдайтындарын білдірді. Қорытынды құжат әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруден бас тартуға үндейді. Декларацияда бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілету, сондай-ақ барлық діндердің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылады., Съезд делегаттары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық өзара әрекеттесу үдерісіне қосқан қомақты үлесін мойындау ретінде «Н.Назарбаев атындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын» құру бастамасын қолдады. Декларацияда келесі форумның өтетін мерзімі белгіленді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін 2021 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Форум аясында өткізілген шара барысында Бейбітшілік пен келісім мұражайы ашылып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 15 жылдығына орай арнайы шығарылған марканың таныстырылымы өтті.