Іздестіру формасы

Астанада «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

Дата размещения: 12.12.2018 - 18:46
Дата последнего обновления: 12.12.2018 - 18:46
Астанада «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

Бүгін Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына сыйлықтарды табыстады.

Марапаттау салтанатына Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам, БАҚ, еңбегі сіңірген мәдениет және өнер салаларының өкілдері қатысты.

20 жеңімпазға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаты» атағы беріліп, диплом, төсбелгі және әр номинация бойынша 600 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы тапсырылды.

Осылайша, өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша «Эстрада» номинациясы бойынша эстрада әншілері Қуандық Рахым және Ернар Садырбаев лауреат атанды. «Классикалық музыка» номинациясы бойынша Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының солисі  Расул Жармағамбетов, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Роза Солтыханова марапатталды.

«Спорт» номинациясы бойынша сыйлық  таеквондошы Аян Әбдірәшке және боксшы Қайрат Ералиевке табысталды. «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің айтыс орталығының жетекшісі Біржан Байтуов, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының оқытушысы Абылай Тілепбергенов жеңімпаз атанды. «Әдебиет» номинациясы бойынша журналист Бағашар Арықбаев,  Абай атындағы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мерей Қарт марапатталды.

«Театр және кино» номинациясы бойынша Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының  әртісі Әйгерім Бекболатова, Сәбит Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ музыка-драма театры  бас режисеры Фархат Молдағали лауреат атанды. «Журналистика» номинациясы бойынша «Хабар24» телеарнасының «Анығын айтқанда» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Олжас Беркінбаев және «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас редакторы  Тойболова Салтанат жеңімпаз атанды.

«Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Қазақстан жас суретшілер одағының мүшесі, Шымкент қаласының Ы.Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бауыржан Жетпісәлиев, Қазақстан жас суретшілер одағының мүшесі, «Дулат» жеке кәсіпкерлігінің директоры Дулат Үсенбаев марапатталды.

«Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша сыйлық «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің мүшесі, «Ару-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктесгінің директоры Бекжан Әлімқұлов,  Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының төрағасы  Нұржан Жетпісбаевқа табысталды.

«Ғылым» номинациясы бойынша Ұлттық биотехнология орталығының кіші ғылыми қызметкері  Жігер Әкішев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  азаматтық және экологиялық құқық кафедрасы доцентінің міндетін атқарушысы Мүслім Хасенов жеңімпаз атанды.

Естеріңізге  сала кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері түрлі саладағы әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты 10 номинация бойынша беріліп келеді. Оған 200-ден аса талантты жастарымыз ие болды. Бұл сыйлық әр жылдары Аманжол Әлтаев, Дәрмен Садуақасов, Максим Здоровец, Мария Мудряк, Денис Тен, Әділ Ахметов сияқты белгілі тұлғаларға, «Ұлытау» шығармашылық ұжымына және басқаларға берілді.