Электронный архив обязательных бесплатных экземпляров периодических печатных изданий

Вы здесь

Тезисы выступления министра Д.Абаева на заседании Республиканского совета «Мирас»

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Құрметті кеңеске қатысушылар!

 

Бүгінгі кеңес отырысының тақырыбы өте ауқымды. Өйткені мемлекет Басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, «/Ұлттық код/, /ұлттық мәдениет/ сақталмаса, /ешқандай жаңғыру болмайды/», - деген болатын.

Рухани жаңғыруымыздағы Ұлттық кодты қалыптастыруда Бұқаралық Ақпарат Құралдарының орыны өте зор. Технология дамыған заманда да халық негізгі ақпаратты телеарнадан алатыны белгілі болды.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің арнайы жүргізген әлеуметтік зерттеулері бойынша қазақстандықтар теледидардан ақпарат алуға күнделікті 120 минутын жұмсайды екен. Салыстырмалы түрде, интернет-ресурстар мен баспасөздегі ақпаратты оқуға 60 және 45 минутын арнайтыны анықталды.

Осы орайда, Отандық және коммерциялық телеарналар мен радиолар мемлекеттік тапсырыс аясында еліміздің тарихын, әдет-ғұрпын насихаттайтын бағдарламалар дайындауды жалғастырып жатыр.   

Атап айтар болсам «Хабар 24» пен «Qazaqstan» арналары «Інжу-Маржан» атты 100 циклды құрайтын 30 бағдарлама-аралық бейнероликтің ротациясын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, «Хабар» телеарнасы «Болашаққа бағдар», «Сана» атты жобаларды жарыққа шығарды.

Шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыз үшін «Kazakh tv» телеарнасы ақпарат таратып тұр. Онда жаңалықтардан бөлек, еліміздің жетістіктерін насихаттауға бағытталған алты циклдық бағдарлама бар.  

Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында

5 коммерциялық телеарна мен радио «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бағытталған 2 деректі фильм, 4 бағдарлама дайындады.

Министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асырды. Қазір жоба қатысушылары туралы деректі фильмдер мемлекеттік телеарналардың эфирінен трансляцияланып жатыр.

«Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басым бағыттардың орындалуына байланысты 2017 жылы атқарылған іс-шаралар туралы «Жаңғыру жолы. Жаңа тұрпат»  атты деректі фильмін көрермен назарына ұсындық.

Сондай-ақ, халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған әлеуметтік роликтер дайындау күшейтілді. 2017 жылы 131 әлеуметтік бейнеролик дайындалды.

Осы аптаның басында Елбасының қабылдауында болдым. Президент: телеарналардағы сериалдық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.   

Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2017 жылы министрліктің тапсырысымен 40 отандық сериал түсірілді. Атап айтқанда «Qazaqstan» телеарнасы 15, «Хабар» 13 сериал, коммерциялық арналар – әртүрлі жанр мен тақырыптық бағыттарды қамтитын 12 телехикая түсірді.

Өздеріңіз білесіздер 20 ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтитын «Тар заман» толық метражды көркем фильмі қазір еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар, 17-ші ғасырдың басындағы қазақ батырларының өмірін баяндайтын «Батырлар жолы» атты сериалды көрермен назарына ұсынамыз.    

«Астана» телеарнасынан «Асыл арман» атты 60 сериялы мелодрама жарыққа шықты. Көрермен жылы қабылдады. «КТК» телеарнасы арнайы жасақ қызметкерлері туралы «Красный уровент» шытырман хикаясын түсірді. Бұл  тізімге «Ауылдастар», «31-ші бөлімше» сериалдарын қосуға болады.

Қосымша ақпарат үшін айтайын: 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сериалдардың толық хронометражы екі жарым мың сағатқа артық болды. Яғни отандық арналарымыз шет елдік сериалдардың уақытын екі жарым мың сағатқа қысқартты.    

Өндірілген бағдарламалардың заман талабына сай, сапалы болуына да біз баса назар аударамыз. 2017 жылы телевизияны модернизациялау аясында «Хабар 24» телеарнасында  роботталған студия іске қосылды. Одан болек Министрлік «Қазтелерадио» Акционерлік Қоғамымен бірлесіп шекаралық аудандардағы құрылғыларды кешенді жаңартуды бастады. Яғни ескі теле-радио хабар таратқыштарды ауыстырып, автоматизацилауды қолға алдық.

Ұлттық сананы нығайтуда телевизияның мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану қажет. Бұл жұмыстарды біз жалғастыра береміз.

Назарларыңызға рахмет!

 

Электронный архив обязательных бесплатных экземпляров периодических печатных изданий

Мобильная версия RSS Карта сайта