Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің

Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік

саясат департаменті туралы

ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік саясат департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қоса алғанда заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

4. Департамент:

Ақпарат иеленушілермен жұмыс және ақпараттық ашықтықты бағалау басқармасынан (бұдан әрі – АИЖжААББ);

Ақпаратқа қол жеткізуді талдау және нормативтік құқықтық қамтамасыз ету басқармасынан (бұдан әрі –АҚЖТжНҚҚБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

5. АИЖжААББ:

5.1. Міндеті: ақпарат иеленушілердің ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.

Функциялары:

іске асыру:

  1. ақпаратқа қол жеткізу саласындағы ақпарат иеленушілерінің қызметіне мониторингті және оны үйлестіруді жүзеге асырады;
  2. ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша ақпарат иеленушілерге практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
  3. ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша ақпарат иеленушілерімен іс-қимыл жасайды;
  4. ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнама талаптарын орындау бойынша ақпарат иеленушілер ұсынған ақпаратты жинауды және талдауды жүзеге асырады;
  5. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамасын қолдану практикасын жалпылайды және оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді;
  6. «Ашық Үкіметті» дамытудың негізгі бағыттарын айқындауға қатысады.

5.2. Міндеті: ақпарат иеленушілердің ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуі.

Функциялары:

іске асыру:

  1. ақпарат иеленушілердің ақпараттық ашықтық рейтингтеріне талдау мен бағалауды жүргізеді;
  2. құқық қолдану практикасы және халықаралық тәжірибе негізінде ақпарат иеленушілердің ақпараттық ашықтықты қамтасыз етуіне бағытталған заңнамалық, әкімшілік және ұйымдастыру сипатындағы шараларды әзірлейді және оларды Департамент басшылығының қарауына енгізеді.

6. АҚЖТжНҚҚБ:

6.1. Міндеті: Министрліктің ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.

Функциялары:

іске асыру:

  1. ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға талдамалық қолдауды жүзеге асырады;
  2. Күн тәртібін әзірлеуді қоса алғанда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссиясының жұмысын, анықтамалық материалдар дайындауды, шақырулар тарату және басқаларын ұйымдастырады;
  3. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторларын жақсарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған шаралар жоспарында, Стамбул сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимыл жоспарында, сондай-ақ Департаменттің құзыреті шегінде өзге стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген іс-шаралардың іске асырылуын қамтасыз етеді;
  4. «Ашық үкімет» және халықаралық рейтингтерде Қазақстанның позициялары мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу және «Ашық үкіметті» дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл үшін басым бағыттарды әзірлейді;
  5. ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша азаматтық қоғамның субъектілерімен (ҮЕҰ, БАҚ, Қоғамдық кеңестер және басқалар) өзара іс-қимыл жасайды.

реттеу:

  1. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ереже әзірлейді.

 

6.2. Міндеті: ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Функциялары:

іске асыру:

  1. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамасының құқық қолдану практикасына талдау жүргізеді;
  2. ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша әлеуметтік/ талдамалық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, оның ішінде техникалық ерекшелікті әзірлейді;
  3. ағымдағы жағдайды және халықаралық тәжірибені талдау негізінде ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды Департамент басшылығының қарауына енгізеді;

реттеу:

  1. ақпаратқа қол жеткізу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі, сондай-ақ Департамент әзірлеуші болып табылатын немесе оның құзыретіне жататын актілерге қатысты құқықтық мониторинг жүргізеді.

8. Құқықтары мен міндеттері:

1) мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, сондай-ақ өзге ұйымдар мен азаматтардан Департаментке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұратужәне алу;

2) Департаменттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша кеңестерге шақыруға және белгіленген тәртіппен өткізуге, оған қатысу үшін Министрліктің басқа бөлімшелерінің, өзге де мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың қызметкерлерін тарту;

3) Министрлікте және басқа да мемлекеттік органдарда құрылатын комиссиялардың, кеңестердің, жұмыс топтарының құрамына кіру;

4) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдарда, құрылымдық бөлімшелерде және өзге де ұйымдарда өткізілетін жұмыс топтарына, кенестерге, отырыстарға қатысу;

5) Департаменттің құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;

6) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлкеттік саясатты жетілдіру және Департаменттің құзіретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарды басшылықтың қарауына енгізу;

7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау;

9) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың хаттарын, сауалдарын және өтініштерін қарау;

10) ақпараттық-талдамалық, статистикалық, анықтамалық және өзге де материалдар дайындауды жүзеге асыру;

11) Департаменттің құзыреті шегінде бюджетті және мемлекеттік сатып алу жоспарын қалыптастыру кезінде іс-шаралардың уақытылы өткізілуін ұйымдастыру;

12) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сотқа талап-арыздарды беру қажеттілігі туралы Заң департаментін хабардар ету және материалдарды уақытылы беру;

13) Департаменттің құзыреті шеңберінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нысаналы индикаторларға, көрсеткіштерге қол жеткізу, құжаттардың іс-шараларды сапалық және дер кезінде орындау бойынша жұмысты қамтамасыз ету;

14) Департаменттің құзыреті шеңберінде Министрліктің Операциялық жоспарының іс-шараларын, сондай-ақ Департаменттің жұмыс жоспарын уақтылы және сапалы орындау;

15) Департаменттің құзыреті шеңберінде шетелдік серіктестер және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту;

16) еңбек және орындаушылық тәртіптікті, қызметтік этика қағидаларын, мемлекеттік және өзге заңмен қорғалатын құпияларды қатан сақтау.

3.Департаменттің қызметін ұйымдастыру

8. Департамент заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттікке ие.

9. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын директор басқарады.

10. Директор Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

11. Департаменттің директоры Министрге, өз құзыреті шегінде Жауапты хатшыға, сондай-ақ жетекшілік ететін вице-министрге бағынады.

12. Департамент директоры Жауапты хатшыға Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар енгізеді.

13. Директор:

1) Департаменттің құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президенті актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14. Департамент директорының орынбасары:

1) өз өкілеттіктері шегінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департаменттің директоры болмаған кезде құрылымдық бөлімше қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және құрылымдық бөлімшеге жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің басшылығы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

15. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ол болмаған жағдайда Директордың орынбасары қол қояды.

16. Департамент директоры, оның орынбасары, басқарма басшылары және қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға міндетті және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға дербес жауапты болады.

17. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген тәртіппен бекітілетін олардың лауазымдық нұсқаулықтарымен айқындалады.

 

Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы
яндекс.ћетрика