Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Ә.Абаевтың «Көш пен Көшбасшы» мерекелік концертінде сөйлейтін сөзінің тезисі. 18 қараша 2016 ж

Ардақты ағайын!

Қадірлі бауырлар!

Тәуелсіздік жылдарындағы оқиғалардың бірі де бірегейі – шет жұртта жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуы екені белгілі.

Осынау тарихи оқиғаның бастау алғанына бүгін тура 25 жыл толды!

1991 жылғы 18-ші қарашада Мемлекет басшысының бастамасымен шетелдегі қазақтардың елге оралуын қамтамасыз ету жөнінде қаулы қабылданған болатын.

Ал, сол жылы Тәуелсіздікке қол жеткеніне небәрі 15 күн толғанда Елбасы «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты хатын жариялады.

«Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Атамекенге келемін деуші ағайынға жол ашық, ата-баба әруағы алдынан жарылқасын!», – деген Мемлекет басшысының сөзі Ұлы көшке қозғау салды.

Тағдырдың жазуымен әлемге тарыдай шашылған  бауырларымыз осы кезден бастап атажұртқа бет түзеді. Содан бергі 25 жылда қарашаңыраққа оралған қандастардың саны 1 миллионға жуықтады.

«Елге ел қосылса – құт» деп халқымыз айтқандай, егемендікке енді жеткен тұста алыстағы бауырлардың оралуы үлкен демеу болғаны ақиқат.

Қандастар мәдениетіміз бен руханиятымыздың, экономикамыздың дамуына, тіліміздің мәртебесін арттыруға, дәстүрдің жаңғыруына үлкен үлестерін қосып қана қоймай, демографиялық жағдайымызға да игі әсерін тигізді.

Осының барлығы елімізде көші-қон саясатының тиімді жүргізілуінің нәтижесі.

Қазақстан – арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, қандастарды атажұртқа жинаған дүниежүзіндегі үш елдің бірі.

Қиын кезеңге қарамастан, мемлекет алыстан жеткен ағайынның орнығуына оңтайлы жағдайлар жасады. Көптеген әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер ұсынды. Қазіргі күні бұл саладағы шаралар одан әрі жалғасын табуда. Өткен жылы «Көші-қон туралы» заңға өзгертулер енгізілгенін білесіздер. Осының негізінде көптеген жеңілдік жасалып, қазақ көші жандана түсті. Мысалы, 2015 жылы елімізге 5 мыңға жуық қандасымыз келген болса, биылғы жылдың 9 айы ішінде 24 мыңға жуық адам оралған. Алдағы уақытта ата­жұртқа ат басын бұратындар әлдеқайда арта түседі деп сенеміз.

Халқымызды үлкен теңізге теңесек, жан-жақтан құйылған арналардың - қазақ көшінің арқасында бүгінде ол кемеріне толды.

Осының барлығы – санаулы күннен кейін 25 жылдығын атап өтетін қастерлі Тәуелсіздігіміздің жетістігі.

25 жыл бойы қоғамда бірлік пен келісімді, тұрақты дамуды орнықтырған, Қазақстан халқын біртұтас ұлтқа айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының жемісі.

Олай болса, осындай мазмұнды шараны ұйымдастырушы азаматтарға алғыс айта отырып, бүгінгі кештің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігімді білдіремін.

Мемлекет басшысы атап айтқандай, «Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ».

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 

Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы