Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

Жаңалықтар

10.09.2019 г.
О правилах предоставления жилья в аренду без права выкупа для работающей молодежи

Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары туралы

Орталық коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары туралы брифинг өтті. Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоғамдық даму бөлімінің бастығы Талғат Рахманберді қатысты.

Мадияр Қожахмет өз сөзінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй беру Қағидаларының бекітілгенін хабарлады. Тиісті тапсырманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев 2019 жылы 23 қаңтарда Жастар жылының ашылу салтанатында берген болатын.

Аталған тапсырма шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына толықтырулар енгізілді.

Жалға берілетін тұрғын үйге жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының 29 жасқа толмаған азаматтары үміткер бола алады. Бұл ретте жас отбасылар; нарықпен неғұрлым сұранысқа ие 100 мамандықтар тізбесіне сәйкес мамандықты меңгерген азаматтар; жас кәсіпкерлер; бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттар болып табылады.

Жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үйді беру тәртібі дәйекті 4 кезеңді көздейді: Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің ресми сайттарында хабарландыру жариялау, уәкілетті органға құжаттар пакетін ұсыну; құжаттарды тексеру және өтініш берушілердің балдарын есептеу.

Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады: өтініш; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; білімі туралы құжаттың көшірмесі; неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда); балалардың тууы туралы куәліктерінің көшірмесі(бар болған жағдайда); өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама; жұмыс орнынан анықтама; өтініш берушінің банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы мен ай сайынғы қозғалысы туралы үзінді; өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса). Құжаттар пакеті толық ұсынылмаған жағдайда 1 жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсыну мүмкіндігі бар.

Жалға берілетін тұрғын үй беру туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды және оған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы қол қояды. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі.

Нұр-сұлтан қаласында 1050 пәтер, Алматы қаласында 1050 пәтер, Шымкент қаласында 904 пәтер беру жоспарлануда. Болжамды жалдау ақысы – айына 10-12 мың теңге. 

Жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй беру мәселелері бойынша уәкілетті органдарға: Нұр-сұлтан Нұр-Султан қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" КММ, тел.8 (7172) 79-34-50, 79-34-62(63), Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасына, тел. 8 (727) 62-27-08, Шымкент қаласы отбасы, балалар мен жастар істері басқармасына, тел. 8 (7252) 24-74-37 хабарласыңыздар.

 

 


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы