Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

Жаңалықтар

29.11.2019 г.
Процедуры по переезду наших соотечественников на родину будут упрощены

Қандастарымыздың отанға оралу рәсімдері жеңілдетіледі

2019 жылдың 28 қарашасында «Отандастар» қоры» «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» қолдауымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты Халықаралық дөнгелек үстел өткізді. Іс-шараға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақ мәдени және іскери орталықтарының басшылары, сондай-ақ шетелде тұратын басқа отандастар Қазақстанның астанасында жиналды.          

Пленарлық отырыста қатысушыларды ҚР Мемлекеттік хатшысы Қрымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қарсы алды.

«Отандастар» қорының президенті Нұртай Абықаев пен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков жиналғандарды шетелде тұратын отандастарды қолдау жобаларының нәтижелерімен таныстырып, 2020 жылға деген жоспарлармен бөлісті.

Министр Дәурен Абаев өз сөзінде атап өткендей, Қазақстан этникалық қазақтарды шетелден отанына көшіру рәсімдерін жеңілдету бойынша жүйелі шараларды әзірлеуде. Яғни, қандастардан талап етілетін құжаттардың жалпы саны 46-дан 20-ға дейін қысқарады. Барлық қағазбастылық қызметтер ХҚКО арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Ал алғашқы өтінімді Қазақстанға келмей-ақ, біздің шетелдегі елшіліктеріміздің консулдық бөлімінде тапсыруға болады. Барлық құжаттарды рәсімдеу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Осы міндеттерді орындау үшін бекітілген Жол картасына сәйкес барлық мемлекеттік органдар қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек.

Бұдан бөлек, Отанымызбен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін Министрлік «Отандастар» қорымен бірлесіп, қазақ диаспорасы өкілдері ең көп шоғырланған елдерде «Қазақ үйі» Қазақ мәдени-іскерлік үйлерін құруда. «Қазақ үйі» орталықтары осы елдердегі ең белсенді қазақ мәдени бірлестіктерін біріктіреді деп болжанады.

Шетелдік отандастарымыздың қазақ тілін үйренуіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Қастерлі қалам» жобасы жасалды және жақын арада қазақ тілін қашықтықтан оқыту арқылы онлайн-сабақтарды ашу іске асырылатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін әлемнің 11 елінде Нұр-Сұлтан қаласында орталық басқармасы бар 31 сынып ашылады деп жоспарлануда.

Шетелдегі қазақтілді БАҚ мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тиісті панельдік сессияда медиасаланың өкілдері өзекті мәселелер мен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Дөңгелек үстел аясында мәдени-гуманитарлық сала өкілдерінің кездесулері өтті. «Абай» мәдени орталығының панельдік сессиясында мәдени орталықтың  мақсаты мен міндеті, шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту, білім беру жобаларын іске асыру, елімізде туристік кластерді дамыту және еліміздің туристік тартымдылығын арттыру, барлық елде қазақ әдебиеті орталығының желісін құру мәселелері талқыланды. Қор жобасы – «Әлемдегі танымал қазақтар туралы» кітабы мен «Мұзбалақ» анимациалық фильмі таныстырылды.   

Жастар жылы аясында дөңгелек үстелдің маңызды нүктесі «Жас қазақ» жастар клубының отырысы болды. Қатысушылар шет елдердегі қазақ жастарын тарихи Отанын айналасына шоғырландыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету,  диаспоралық және жастар саясаты саласындағы өзара әрекеттестік және серіктестік аясын кеңейту,  олардың бойында тарихи Отанына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының барлық жастар ұйымдарының іс-шараларына диаспора өкілдерін қатыстыру, өзара біріккен жұмыс жоспарын құрып, бірлесе жұмыс істеу мәселелерін талқылады.

«Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстелге барлығы 20 елден 150 делегат қатысты.

Бұл шара қазақ диаспораларының отандық ұйымдармен мәдени, гуманитарлық және бизнес саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырманы орындау аясында өткізіліп отыр.

 


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы
яндекс.ћетрика